Толымбек Әбдірайыммен кездесу: «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы»
2026 жылғы 16 ақпанда Астана қаласы әкімдігінің №28 мектеп-лицейінде «Балалар әдебиеті-рухани тәрбие бастауы» атты балалар әдебиетінің онкүндігі аясында балалар жазушысы, ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайыммен кездесу өтеді.
Іс-шараның мақсаты: оқушыларды балалар әдебиетінің құндылығымен таныстыру, көркем әдебиет арқылы рухани-адамгершілік тәрбие беру, кітап оқуға қызығушылығын арттыру және заманауи балалар әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген жазушымен тікелей сұхбаттасу арқылы әдеби танымын кеңейту.
Әдеби-танымдық кездесу барысында мектеп оқушылары жазушының «Ақ кептер», «Қайшы ойыншық емес», «Жеделсаты неге тоқтады?», «Бір үзім нан» атты әңгімелерінен үзінділерді жатқа оқып, сахналық көріністер көрсетеді. Сонымен қатар, оқушылар шығармалар желісі бойынша салған суреттерін қорғап, мазмұндық талдау жасайды.
Музыкалық бөлімде «Балалық шақ», «Туған жер» әндері орындалып, кештің тәрбиелік мазмұнын толықтырылады.
Жазушымен өткен еркін сұхбат барысында Толымбек Әбдірайымов балалық шағы, алғашқы шығармалары, шығармашылық жолы, шабыт пен еңбектің маңызы туралы ой бөліседі. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қаламгерден мазмұнды жауап алады.
Шара соңында ұлттық дәстүрге сай бата беріліп, жазушы жас ұрпаққа ізгі тілегін білдіреді. Аталған әдеби-рухани кездесу оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, рухани дүниетанымын кеңейтуге зор ықпал етеді.
